07 Қараша 2019
130

Облыста 500 адам «Qоrǵau» орталығының көмегіне жүгінген

Qоrǵau» республикалық жобасы аясында Батыс Қазақстан инновациялық-техникалық университетінде семинар өтті.

Оған үкіметтік емес ұйым өкілдері, студенттер, жастар мен еріктілер қатысты. Жоба қиын жағдайға тап болған азаматтардың құқықтық білімін көтеру, әлеуметтік тұрғыда қолдау білдіруге негізделген. Сондай-ақ тұрғындарға арнайы сайт пен мобильді қосымша арқылы құқықтық кеңес алуға қатысты алгоритмдермен жұмыс істеуді үйретеді. – Жоба ауқымында тамыз айының 1-інен бастап, еліміздегі қалалар мен аудан орталықтарында 210 құқықтық кеңес беру бөлімі ашылды. Құқықтық қызметтің түрлі бағыты бойынша кеңес алғысы келген тұрғындар бөлім мамандарына жолыға алады. Батыс Қазақстан облысы орталығы мен барлық ауданда 13 заңгер қызмет етуде, – деді жобаның үйлестірушісі Әлия Салиева.

Орал қаласындағы «Qоrǵau» орталығының заңгері Әділбек Қапезовтың айтуынша, қалалық колледждердің 25 студенті тағылымдаман өтуде. Олар тұрғындарға іс жүзінде құқықтық кеңес беруге дағдыланады. Облыс бойынша 500 адам «Qоrǵau» қамқорлығын көрген. Жоба аясында «әлеуметтік» заңгерлер тобын құру, «Айт!» әлеуметтік акциясының мақсатын түсіндіру және отбас ынтымағын сақтайтын шаралар өткізу көзделген. Семинар барысында еріктілерге сертификаттар табысталды. «Qоrǵau» республикалық жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығы» ҰБА қолдауымен «Бірыңғай Call-орталығын құра отырып, «Құқыққорғаушы» кешенді жобасын жүзеге асыру» гранты негізінде жүзеге асырылуда.