05 Маусым 2019
99

Облыс әкімі Қазталов ауданында болды


Өңір басшысы Алтай Көлгінов Қазталов ауданына жұмыс сапарымен барып, құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандарды аралады. 

 


Атап айтқанда, облыс әкімі Жалпақтал ауылындағы ұзындығы 2.4 км ауылішілік көше жолдарының құрылыс жұмыстарын тексерді. Сосын облыс әкімі Г. Молдашев атындағы мектеп түлектері "Туған жер" бағдарламасының аясында ауылдастарына сыйға тартқан спорт алаңын көріп, осы ауылда "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан 12 пәтерлі екі қабатты тұрғын үй құрылысымен танысты. Дәл осындай көппәтерлі тұрғын үй аудан орталығында да салынуда. Бұл үйлер үй кезегінде тұрғандар мен аз қамтылған отбасылар үшін салынып жатқанын атап өткен жөн.


Сондай-ақ, Жаңажол ауылына дейінгі жолды күрделі жөндеу жұмыстарын жүруде. Өткен жылы сол ауылда 3 км жаяу жүргіншілер жолағын салған құрылыс мердігері "Айдана" ЖШС қалған 1.4 шақырымды аяқтап, жолды маусым айында пайдалануға беруді жоспарлауда. 


Аудан орталығын таза ауыз сумен қамту мәселесі де назардан тыс қалмады."Лекер" су бекетінен Қазталов ауылының су жүйесіне дейінгі құбыр құрылысы жүруде. 


Қазталов ауылына дейінгі жол қүрылысы қарқынды жүруде. Бұл орайда облыс әкімі Алтай Көлгінов мердігерге қарқынды төмендетпеуді тапсырды. Жұмыс сапары аясында өңір басшысы Жастар жылында ауданда екі бірдей спорт кешені құрылысы басталатынын жеткізді.