01 Қараша 2018
2039

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi туралы" Конституциялық заңы - 3

 

3-тарау. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

 

 

6-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасын пайдалану тәртiбi

 

1. Мемлекеттiк Елтаңба мiндеттi түрде:

 

1) Қазақстан Республикасы Президентi Резиденциясының, Парламенттiң, Сенат пен Мәжiлiстiң, Үкiметтiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергiлiктi соттарының, Қарулы Күштердiң әскери құрамаларының, бөлiмдерiнiң, бөлiмшелерi мен мекемелерiнiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшiлiктерiнiң, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкiлдiктерiнiң, сауда өкiлдiктерiнiң, шетелдегi басқа да ресми мекемелерiнiң, шетелдегi мекемелерi басшылары резиденцияларының ғимараттарында - ұдайы;

 

2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Парламентi палаталары төрағаларының, Премьер-Министрдiң, Мемлекеттiк хатшының, Конституциялық Кеңес Төрағасының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының және жергiлiктi соттары төрағаларының, Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлiнiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң басшыларының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi басшыларының кабинеттерiнде - ұдайы;

 

3) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенаты мен Мәжiлiсiнiң бiрлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасының Парламентi палаталарының, Үкiметтiң үйлестiру және жұмыс органдарының отырыстары өтетiн залдарда, Конституциялық Кеңестiң отырыс залдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергiлiктi соттарының сот мәжiлiсi залдарында, орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың алқа отырыстары залдарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк және үкiметтiк наградалары тапсырылатын залдарда, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнiң қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некенi тiркейтiн үй-жайларда - ұдайы орналастырылады.

 

Қарулы Күштердiң әскери құрамаларында, бөлiмдерiнде, бөлiмшелерiнде, мекемелерiнде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттiк Елтаңбаны орналастыру тәртiбi жалпы әскери жарғыларда айқындалады.

 

2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасының бейнесi мiндеттi түрде:

 

1) Қазақстан Республикасының Президентi мен оның Әкiмшiлiгiнiң, Парламенттiң, оның палаталары мен олардың аппараттарының, Қазақстан Республикасының Парламентi палаталары Бюроларының, Үкiметтiң және Премьер-Министр Кеңсесiнiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергiлiктi соттарының, Қарулы Күштердiң әскери құрамаларының, бөлiмдерiнiң, бөлiмшелерi мен мекемелерiнiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, жергiлiктi өкiлдi, атқарушы органдардың және өзге де мемлекеттiк ұйымдардың мөрлерi мен құжаттарының бланкiлерiнде;

 

1-1) нотариустардың мөрлерiнде;

 

2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң, Үкiметiнiң, Конституциялық Кеңесiнiң және Жоғарғы Сотының ресми басылымдарында;

 

3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң банкноттары мен монеталарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағалы қағаздарында;

 

4) Қазақстан Республикасының азаматтарына берiлетiн жеке куәлiкте, туу туралы куәлiкте, паспортта және өзге де паспорттарда, мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк ұйымдар қызметкерлерiнiң қызметтiк куәлiктерiнде;

 

5) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасына орнатылатын шекара бағаналарында;

 

6) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Парламенттiң, Үкiметтiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың және олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергiлiктi соттарының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнiң веб-сайттарында Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен орналастырылады.

 

Мемлекеттiк Елтаңбаның бейнесi өзге де материалдық объектiлерде орналастырылуы мүмкiн.

 

3. Мемлекеттiк Елтаңба оның көлемiне қарамастан ұлттық стандартқа сәйкес келуге тиiс.

 

Мемлекеттiк Елтаңба ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда ол Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен ауыстырылуға және жойылуға тиiс.

 

4. Осы Конституциялық заңда белгiленгеннен басқа жағдайларда мемлекеттiк емес ұйымдардың және олардың лауазымды адамдарының бланкiлерiнде, мөрлерiнде және басқа да реквизиттерiнде Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Елтаңбасының бейнесiн пайдалануға тыйым салынады.

 

Мемлекеттiк Елтаңбаны қоғамдық бiрлестiктер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының геральдикалық негiзi ретiнде пайдалануға болмайды.

 

Мемлекеттiк Елтаңбаның бейнесi әскери немесе өзге де мемлекеттiк қызмет атқаратын адамдар үшiн белгiленген айырым белгiлерi мен нысанды киiм үлгiлерiнде, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларының элементi немесе геральдикалық негiзi ретiнде, сондай-ақ спортшылардың спорттық костюмдерi мен басқа да спорттық керек-жарақтарында пайдаланылуы мүмкiн.

 

Ескерту. 6-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық Заңымен.

 

7-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасын және басқа да елтаңбаларды Қазақстан Республикасының аумағында бiр мезгiлде пайдалану

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы мен шет мемлекеттердiң елтаңбаларын немесе қоғамдық бiрлестiктiң, басқа да ұйымның елтаңбаларын (геральдикалық белгiсiн) бiр мезгiлде орналастырғанда Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Елтаңбасының көлемi басқа елтаңбалардың көлемiнен кiшi болмауға тиiс.

 

Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы басқа елтаңбалардан (геральдикалық белгiлерден) төмен орналастырылмайды.

 

4-тарау. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні

 

8-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнiн пайдалану тәртiбi

 

1. Мемлекеттiк Гимн:

 

1) Қазақстан Республикасының Президентi қызметке кiрiскен кезде - ол ант бергеннен кейiн;

 

2) Қазақстан Республикасы Парламентi сессияларының ашылуы және жабылуы кезiнде;

 

3) Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттiк мерекелерiне, сондай-ақ өзге де салтанатты iс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжiлiстердiң салтанатты ашылуы кезiнде;

 

4) теле-, радиоарналар эфирге шыққан кезде тәулiк сайын, олардың хабар таратуы басталғанда және аяқталғанда;

 

5) Қазақстан Республикасы халқының өмiрiндегi аса маңызды тарихи оқиғаларды атап өту құрметiне ескерткiштердi, монументтердi, құлпытастарды және басқа да ғимараттарды ашу кезiнде;

 

6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктерi мен өзге де ұйымдары өткiзетiн рәсiмдер, салтанатты және спорттық iс-шаралар кезiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы көтерiлген кезде;

 

7) Қазақстан Республикасына мемлекеттiк немесе ресми сапармен келген шет мемлекеттердiң басшыларын қарсы алу кезiнде - тиiстi шет мемлекеттiң мемлекеттiк гимнi орындалғаннан кейiн;

 

8) жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсiмдерi кезiнде, сондай-ақ өзге де салтанатты iс-шаралар өткiзiлген кезде;

 

9) Қазақстан Республикасының ұлттық (құрама) командасы қатысатын спорттық iс-шаралар өткiзiлген кезде орындалады.

 

2. Қарулы Күштердiң әскери құрамаларында, бөлiмдерiнде, бөлiмшелерiнде, мекемелерiнде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттiк Гимндi орындау тәртiбi жалпы әскери жарғыларда айқындалады.

 

Ескерту. 8-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.06.28 N 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық Заңымен.

 

9-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнiн орындау тәртiбi

 

1. Мемлекеттiк Гимн көпшiлiк алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды.

 

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен өзге де ұйымдары шет мемлекеттер аумағында iс-шаралар өткiзген кезде Мемлекеттiк Гимн осы Конституциялық заңға, сондай-ақ сол мемлекеттiң заңнамасы мен протоколдық практикасына және жергiлiктi салт-дәстүрге сәйкес орындалады.

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын салтанатты жағдайда көтеру және тiгу кезiнде Мемлекеттiк Гимн орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерiн Туға қарай бұрады.

 

2. Мемлекеттiк Гимндi оркестр, хор, оркестр мен хор орындайды не ол өзге де вокалдық және аспаптық түрде орындалады. Бұл ретте дыбыс жазу құралдары пайдаланылуы мүмкiн.

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнiн ықшамдап орындауға жол берiледi.

 

3. Мемлекеттiк Гимн бекiтiлген мәтiнi мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестiкпен мемлекеттiк тiлде орындалады.

 

4. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Гимнiнiң мәтiнi мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негiзi ретiнде пайдалануға болмайды.