07 Қараша 2019
471

Үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын бастады

Шыңғырлау ауданында «Нұр Отан» партиялық кадрлық резервін қалыптастыру пилоттық жобасы басталды. Жобаның бірінші кезеңінде «Nur Otan» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалының 12 бастауыш партия ұйымының партиялық кадрлық резервіне 36 кандидат тіркеліпті. Ал 5 қарашадан бастап 36 кандидат бағдарламасын ұсынып, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді бастады.

Аудандағы 8 ауылдық округте және оған қарасты елді мекендерде халықпен кездесуге республикадан және облыстан арнайы келген делегациялар мен облысымыздың әр ауданынан келген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасарлары арнайы келді. Ел арасынан креативті, іскер, беделді, сыйлы, білімі мен тәжірибесі мол азаматтар мен азаматшалар қатарынан резерв жасақтауға бағытталған жобаның іріктеуіне қатысқан үміткерлер бағдарламаларында ел мәселелерін арқау еткен. Мәселен, жол, экологиялық абаттандыру, қоғамдық көлік, бала тәрбиесі, ауылдық жерлерде маман тапшылығы, жас кәсіпкерлерге несие алуға көмектесу, жұмыссыздықты жою бағытында бағдарламалар ұсынылған.

 «Нұр Отан» партиясы Жаңақала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов «Шыңғырлау ауданында басталған «Нұр Отан» партиялық кадрлық резервін қалыптастыру пилоттық жобасы келер жылы біздерде де жүзеге аспақ. Сол себептен, тәжірибе алу мақсатында жоба жұмысының бастамасына бәріміз қатысып отырмыз. Қазір 36 үміткер іріктелді, - деді. Үміткерлердің ішінде ең жасы Нұрқанат Кабибуллиев: «Аудандағы жастар мәселенің шешілуіне жас болсам да атсалыссам деймін. Сондықтан партиялық кадрлық резервіне үміткер ретінде тіркелдім. Менің бағдарламамда жастардың үй мәселесінің шешілуіне атсалысу, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен үй алуда құжаттарды азайту, жастардың рухани демалысын дамыту секілді мақсаттарды алға қойдым»,-дейді. Кадрлық резервке тіркелген кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарынан соң халық өз таңдауын жасайды.