05 Қараша 2019
107

Ақжайық ауданында «IQanat» республикалық олимпиадасы өтті

Ақжайық ауданы орталығындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте «IQanat» республикалық олимпиадасы өтті. Екінші рет ұйымдастырылған олимпиадаға аталмыш аудандағы 79 оқушы қатысты. Олардың 15-і физика пәнінен, 16-сы ағылшын тілі пәнінен, 20-сы математика пәнінен, 28-і эрудит бағыты бойынша білімдерін байқастады.

 

 

Ашылу салтанатында олимпиаданың грант иегерлері Абай атындағы мектеп-гимназияның оқушылары Тимур Теміржан, Камила Есқалиева, М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушысы Райхан Баконова, №1 орта мектебінің оқушысы Дильназ Серікова, Алғабас орта мектебінің оқушысы Айнамкөз Ғинаятоваларға білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Айгерім Серікбайқызы алғыс хат табыстады. Осында «IQanat» қоғамдық қорының Батыс Қазақстан облысы бойынша үйлестірушісі Гүлнар Әлжанова сөз сөйлеп, олимпиаданың өткізу барысын, мақсатын атап өтті. Жобаның басты ерекшелігі еліміздегі ірі кәсіпкерлердің ауыл мектептеріндегі оқушылардың білімін жетілдіруге инвестиция бөлгенін, үздік шыққандар тек қазақстандық қана емес, шетелдік жоғарғы оқу орындарына жолдама ала алатынын жеткізді. Білім бәсекесінің қорытындысы бойынша жеңімпаз танылғандар облыстық, кейін республикалық олимпиадаларға қатысады. Одан озық шыққандар еліміздің түкпір-түкпіріндегі дарынды балаларға арналған оқу орындарына жолдама алатын болады.