05 Қараша 2019
106

Батысқазақстандық «Жылдың үздік дәріскері» атанды

Ақжайық ауданындағы «Таным» деструктивті діни ағымдардан қорғау және көмек қоғамдық бірлестігінің төрағасы, аудандық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Құрман Бисеғалиев Нұр-Сұлтан қаласынан зор табыспен оралды. Ол Елордамызда дін мәселелері жөніндегі ақпараттық түсіндіру топ мүшелерінің қатысуымен өткен «Жылдың үздік дәріскері» атты республикалық байқауының іріктеу кезеңінің жеңімпазы атанды.

 

 

Аудан, облыс намысын қорғап барған Құрман Жанұзақұлы еліміздің түкпір-түкпірінен барған 25 қатысушымен бірге сынға түсті. Шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов қатысып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Осында Қ.Бисеғалиев дін тақырыбында эссе жазып, ортамен жұмыс жүргізді. Нәтижесінде оның жұмысы үздік деп танылды. Оған ақшалай сыйлық пен «Парасат» кеңес беруәдістемелік орталығының алғыс хаты табысталды. Бұл көп жылғы еңбектің қайтарымы. Қ.Бисеғалиев өткен айда ғана Ақтөбе қаласында аталмыш қор ұйымдастырған «Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерін даярлау және қайта даярлау» тақырыбындағы курста ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің куәлігіне ие болған еді. Сөйтіп, батыс аймақтағы 4 облысқа лектор атанды. Жерлесіміздің жетістігі аудан үшін зор мерей. Осы салада 30 жылға жуық уақыт тер төккен Қ. Бисеғалиев қоғаммен тығыз қарым-қатынас жасап келеді. Қызметін сонау тоқсаныншы жылдары мешіт ұйымдастырушысы болып бастаған ол зайырлы мемлекетіміздің тыныштығы мен бірлігін сақтау жолында еңбектеніп келеді. Жылдар жүзіндегі еңбегін «Дәстүрмен қайта қауыштырған «Таным»» атты әдістемелік құралға бастырды. Ол осы жинағында қатталған жұмыстарын 14-15 қарашада ел астанасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен өтетін үлкен шарада таныстырады.