10 Қазан 2019
215

Бөкей ордасына депутаттар келді

Бөкей ордасына облыстық мәслихат депутаттары келіп, бөкейлік жұрттың бүгінгі тірлігімен танысты. Хан ордасындағы мәдениет үйінде облыстық мәслихаттың құқық және жергілікті өзін-өзі басқару бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті.

 

 

Шара барысында мекеме басшыларының есебі тыңдалып, жұмыс барысында туындап отырған мәселелер талқыланды, пікір-ұсыныстар айтылды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин «Бақытты отбасы» партиялық жобасының шарттары осал топтың қалтасына, мүмкіндігіне шақ келе бермейтінін айтты. Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Исатай Оз «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігі санаулы маманға емес, ауылға келген кез келген жас маманға тиесілі болса, «Жас кәсіпкер», «Zhas project» бағдарламалары келесі жылы да жалғасып, ауылда жүрген жұмысссыз жастардың тынысы ашылып, кәсіп көзі көбейер еді деген ұсынысын айтты. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов жайылым жерлерге өткізілген аукцион тәртібін тағы бір мәрте қарап, ауқатты шаруа мен енді несие алып, кәсіп бастаймын деген азаматтар үшін мүмкіндік пен шектеулер қарастырылса, дұрыс болар еді деді. Аудан басшысының халық қалаулыларының назарына ұсынған мәселесінің бірі – бюджет есептеуде, урбанизацияның алдын алуда шекара шебіндегі аудандардың ерекшелігі ескеру. Көршілес Ресейдің Палласовкасында бюджет ішкі аудандарға қарағанда 20%-ға артық. Бөкей ордасы тек шекара шебіндегі емес, полигон аумағындағы ел. Осы жайттар ескеріліп, халықтың әл-ауқатын арттыру, зейнет жасын есептеуде артықшылықтар берілсе жақсы болар еді. Мысалы, полиция қызметкерлері үшін бір жыл жыл жарымға есептеледі. Ауамыз ортақ, суымыз ортақ. Неге шенділер үшін қарастырылған осы артықшылық халыққа ортақ берілмейді. Бұл менің жеке басымның ғана емес, алдыма келетін, ашық есікте қойылатын негізгі сауалдардың бірі. Осы жайттар айтылмай жүрген жоқ. Елге келген лауазымды тұлғаның құлағында қалсын деп айтудан еш жалықпаймыз,-деді аудан әкімі. Бұдан басқа да құм басу, су тапшылығы, Аймекеннің су қоры, теміржол мәселесі де тілге тиек етілді. Комиссия төрайымы Ляна Тұрсынова жиын барысында айтылған ұсыныстардың аяқ асты қалмайтынына, тиісті тұлға, органдарға жеткізілетініне сендірді.