03 Қыркүйек 2019
39

Сырым ауданында жаңа мектеп-лицей ашылды

Білім күні қарсаңында Сырым ауданында мектеп-лицей ашылды. Лицейдің алғашқы қоңырау салтанатына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

 

Біздер – Тәуелсіз, егемен елміз. Сол егемендікті сақтап қалуға білім керек. Әлемнің дамыған елдері де жетістікке білімнің арқасында ғана жетіп отыр. Жымпитыда бүгін тұңғыш мектеп-лицей ашылуда. Оның тұңғыш шәкірттері – Сіздерсіздер! Сіздерге артылатын жауапкершіліктің жүгі ауыр. Лицейдің оқушылары сабақты тек «5» деген бағаға оқуы керек! - деді аудан басшысы. Кейінгі жылдары ауданның оқуда озат, білімге құмар оқушыларының облыс орталықтарындағы мектептерге ауысуы жиіледі. Аудан орталығынынан жаңа мектеп-лицей ашу – сол үдерісті тоқтатудың амалы. Әрі ауданға тереңдетілген білім беретін бір білім ошағының қажеттілігі әуелде туындаған.

 

Мектептің директоры Самал Батырованың айтуынша, жаратылыстану бағытында тереңдетіп білім беретін жаңа лицей алғашқы оқу жылын 62 оқушымен бастады. Олар ауданның және көршілес аудандардың, Орал қаласының мектептерінен арнайы сынақпен, лицейдің 7, 8, 9, 10-шы сыныптарына қабылданды. Мектеплицейде шебер - педагог, зерттеуші -педагог және сарапшы - педагог санаттарындағы ауданның білікті ұстаздары дәріс бермек.

 

Салтанатты жиыннан кейін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев лицейде оқушылармен кездесті

 

Сырым аудандық білім беру бөлімінің мектеп-лицейі үшін Жымпитыдағы балалар және жасөспірімдердің шығармашылық орталығының ғимараты жөнделіп берілді. Бөлімнің басшысы Дайыр Сапаровтың айтуынша, қазірдің өзінде сынып бөлмелері сабақтар жүргізуге дайын, алдағы бірер айда шәкірттердің алаңсыз білім алуы үшін толықтай қолайлы жағдай қалыптасады. Келесі жылы ғимаратты күрделі жөндеу қарастырылған. Интернат мәселесі де келешекте шешілмек.

 

Аудан басшысы білім беру бөлімінің басшысы мен лицей басшылығына оқушылардың білім алуымен қатар сапалы тамақтануын, спортпен айналысуын қамтамасыз етуді тапсырды.