05 Тамыз 2019
502

«Zhas Project». БҚО-да жастардың өз ісін бастауына 1 млн теңгеден көмек берілуде

Батыс Қазақстан облысында «Zhas Project» жобасы аясында жастардың өз ісін бастауына нақты көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, шалғайдағы Бөкей Ордасы ауданында 58 жас кәсіпкер осы жобаға қатысуға тілек білдірсе, соның 28-і мақұлданып, қаржыландырылған. Әрқайсысы үш адамнан құралған топтарға 1 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз көмек берілген. Есесіне, сол топтар 6 ай бойы өз жобалары шеңберінде әлеуметтік аз қамтылған санаттағы отбасыларға көмек қолын созуға міндетті. Мәселен, Раушан Шапихова екі серігімен бірге гранттың алғашқы траншына 100 тауық, оған қажетті жем мен дәрумендер алыпты. Келесі ақша түскенде инкубатор алып, өз ісін кеңейтуді көздеп отыр.

 

Раушан Шапихова, Сайқын ауылының тұрғыны:

 

– Осы тауықтарды өсіріп, өндіріп, жұмыртқаларын жағдайы төмен отбасыларға таратқымыз келеді. Менің ойымша, осы жоба жастарға өте тиімді, өз бизнестерін ашуға, өз шаруаларын істеуге. Және бизнесін ашып қана қоймай, халыққа өзінің үлесін қосуға өте тиімді деп ойлаймыз.

 

Исатай Құрмашев, Бөкей ордасы аудандық жастармен жұмыс жөніндегі орталық жетекшісі:

 

– Жоба шартына сай үш не бес адамнан біріккен топ болуы тиіс. Және сол адамдарға тегін қызмет көрсету болып табылады. Ол бойынша 40 және 60 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді.