13 Маусым 2019
109

Оралда қазақ күресінен «Өнер барысы» турнирінің жеңімпаздары анықталды

 

Оралда алғаш рет өнер адамдарының арасында қазақ күресінен «Өнер барысы» қалалық ашық турнирі өтті.

 

 

БҚО қазақ күресі федерациясы, Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі, БҚО мәдениет басқармасы, Қадыр Мырза Әли атындағы өнер орталығы ұйымдастырған бәсекеге барлығы 41 балуан қатысып, екі салмақ дәрежесінде бақ сынады.

 

70 келіге дейінгі салмақта ақтық сында қос сырымдық Бауыржан Есқалиев пен Бекболат Хайруллин белдесті. Белдесу басталғалы жауырыны жерге тимеген Бауыржан Есқалиев қарсыласын қапы қалдырып, жеңіске жетті. Бекболат Хайруллин екінші, бөкейордалық Асхат Қален үшінші орынға ие болды.

 

Ал 70 келіден жоғары салмақта Бөрлі ауданынан келген Тәуекел Бақытжанның бабы мен бағы қатар шапты. Ақжайықтық Дәулет Шәмелов екінші, қазталовтық Жігер Маусымов үшінші орынға ие болды.

 

«Өнер барысы» атанған қос балуанға ақшалай сыйлықтан бөлек, белдік берілді.

 

Бөкейордалық Асхат Қаленге «Үздік техникасы үшін» аталымы, бәйтеректік Е.Мұқамбетовке «Жеңіске деген жігері үшін», сырымдық Мейірбек Қанатовқа «Ең жас балуан» аталымы берілді.