09 Маусым 2019
13

Бөкейліктердің дауыс беруі бірқалыпты

 

Бөкей ордасы ауданындағы барлық сайлау учаскесінде сайлау бір қалыпты өтуде. №53 сайлау учаскесінде сайлау таңғы 7-де ресми түрде ашық деп жарияланып, аудан басшысы Нұрлан Раxымжанов сайлаудың еш заң бұзушылықсыз өтіп, аудан тұрғындары конституциялық құқықтарын біліп, азаматтық тұрғыдан белсенділік танытса деген тілегін айтты.

 

 

Сайлаушылар легін алғаш боп бастаған Бақыт Бекеева, Жанаргүл Есляшева мен Бекзат Мұқтарларға кәдесыйлар тарту етілді.

 

- Бұл - менің алғашқы сайлауым. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өз таңдауымды жасап, дауыс бердім. Бұрындары тек теледидардан көріп, тариxтан оқысам, бүгін сол саяси оқиғаның қатысушысы болдым. Бұл - менің саналы азамат ретінде ел тағдырына қатысты жасаған алғашқы қадамым,-дейді Бекзат.

 

Ал ардагер Кәримолла Ғайсин "бұл менің елуінші дауыс беруім" дейді.

 

- Алғаш рет он сегізімде әскерде жүргенімде дауыс берген едім. Содан кейін түрлі деңгейдегі сайлауларға қатысып, дауыс беріп келемін. Науқан деп қарамай, елдің ертеңіне, келешегіне жасалған таңдау деп сергек қарап, белсенді қатысуымыз керек қой,-дейді журналистика майталманы.

 

№76 сайлау учаскесінде сайлаушылар анағұрлым ширақ, белсенді қатысуда.

 

- Таңғы 6-дан бастап сайлаушылар легі толастамай тұр. Ауыл ақсақалы Ноқаш Қадимов жеті болмай учаскеге келіп, аға буынның жауапкершілігі жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп кетті,-дейді №76 сайлау учаскесінің төрағасы Исатай Оз.