27 Мамыр 2019
148

Ақжайықта қос ақынмен кездесу өтті

 

Ақұштап Бақтыгерееваның 75 жасқа толуына орай ауданға келген меймандар алдымен ақын Жұбан Молдағалиевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып тағзым етті.

 

 

         Облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов сөз сөйлеп, аудан түлегі Біржан Кухаев Ақұштап апаның «Ерлікті көзбен көрген күн» атты өлеңін оқыды. Ауданымызға келген құрметті қонақ ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Алашқа аты мәлім ақын Есенғали Раушанов пен Ақұштап Бақтыгерейқызы келер жылы ғасырлық тойы тойланатын Жұбан Молдағалиевтың құрметіне бой көтеретін Жұбан орталығы құрылысының қадасын қақты. Нысанның макетімен танысқан олар өз тараптарынан ғимараттың құрылысына алып-қосар ұсыныстарын жеткізді.

 

         Аудан орталығындағы М.Әуезов атындағы мектептен Ақұштап Бақтыгереева атындағы сынып ашылды. Сыныптың ашылу салтанатына қатысқан меймандар Ақұштап Бақтыгерееваның өміржолымен танысты. Мұнда ақынның кітаптары, суреттері, газет-журналдардағы сұхбаттары қойылған. Сонымен қатар өлеңдері, ақын туралы тұщымды пікір қалдырған Қадыр Мырза Әли, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Серікқали Шарабасов секілді қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің сөздері ілінген. Осында мектеп оқушылары ақынның өлеңдерінен үзінді оқып, ақын жиналғандарға ізгі тілегін арнады.

 

 

         «Ақұштап әлемі» деп аталған Н.Майданов атындағы саябақта өткен шара маңыздылығымен ерекшеленді. Ақжайық музыка мектебінің ұжымы әсем әуендер орындап, шараның көрігін қыздырды. «Ақындар аудиториясы» деп аталған алаңда ауданның жас ақындары А.Бақтыгереевамен, Е.Раушановпен кездесу өткізді. Белгілі ақын Сағынтай Бисенғалиев шәкірттерінің өнерін көпке паш етті. Алмалы мектебінің мұғалімі, ақын Болат Өтешов, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 4-курс студенті тайпақтық Әнуар Аманжолов, 1-курс студенті ақжолдық Гүлназ Патшағұлова, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің 4-курс студенті құрайлысайлық Асылайым Абатқызы өлеңдерін оқып, қос алыптан бата алды.

 

         Ақын апамен аттас ауданның Ақұштап есімді қыздары ақынмен жүздесті.

 

 

суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан,