27 Мамыр 2019
323

Ақын Ақұштап Бақтыгереева жалпақталдықтармен кездесті

 

Қазталов ауданы Жалпақтал ауылына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлық пен «Құрмет» орденінің және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, БҚО-ның Құрметті азаматы Ақұштап Бақтыгереева, ақынның өмірлік жары Ғабдырахим Жаңбырбаев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Есенғали Раушанов, «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының орынбасары, ақын, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ, «The Kazakh Times» ақпараттық, қоғамдық-саяси порталының бас редакторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің аға оқытушысы, ҚР жазушылар одағының мүшесі, жазушы Қойшыбек Мүбәрәк, республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ақ желкен» журналы бас редакторының орынбасары, жас ақын Аслан Тілеген келді.

 

 

Мәртебелі меймандарды аудан әкімі Абат Шыныбеков аудан шекарасынан қарсылап алды. Ақын Ақұштап Бақтыгереева Социалистік Еңбек Ері атанған, ұзақ жыл Фурманов ауданын басқарған Кенжебек Меңдәлиевтің кеуде тұғырына гүл шоғын қойып, тағзым етті.

 

Одан соң К.Меңдәлиев атындағы мектептің музейін аралады. Ақұштап Бақтыгерееваның 75 жылдық мерейтойына орай аталмыш мектепте кездесу өтті. Ақын «Мұра» жас ақындар сыныбында оқушылар мен ұстаздармен жүздесіп, тағылымды әңгімелер айтты. Ұлттық құндылықты қастерлеу, ұрпақ тәрбиесі жөнінде айтып, ой бөлісті. Жас ақындардың өлеңдерін тыңдады.

 

-Асыл сөзге, ата-баба салтына бұрылсақ, қасиетті тілімізді қастерлесек деймін. Қазақтың қызы – әлемнің мақтанышы. Қазақ әйелі – өз ұрпағын ұлттың ұрпағы етіп тәрбиелесе екен деп тілеймін. Менің алған бағытым осы. Әсіресе, мәңгілік ұлт болу үшін қазақ қызын тәрбиелеу керек. Жастардың ұлтқа ерекше қызмет ететін азаматтар болса екен деп қалаймын. Қазір әркім білгіш, жас әншілер арасында өзі сазын да, сөзін де жазатындар көбейді. Әр сөзін ойланып айтса, толғанып жазса деймін. Бетімен кетуге болмайды, ұлтқа бұрылу керек, өнерді сыйлау керек. Димаш Құдайбергеновтей, Ержан Максимдей ұлдарымыз қандай керемет. Осындай ұлдарымызды қадірлеп, құрмет көрсетуіміз қажет,-деді Ақұштап Бақтыгереева.