22 Мамыр 2019
145

Ақжайықта облыстық туристік-спорттық ойындар ұйымдастырылды

 

Ойын «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінің 15 жылдығы мен көп жылдар аталған бірлестіктің төрағасы болған Ерлан Нұрмұхамбетовты еске алуға арналды.


«Жастар жылы» аясында жастардың басын біріктіріп, олардың арасындағы достыққа дәнекер болған шараға Орал қаласы, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау ауданыдары мен Атырау облысының Индер ауданынан командалар, ардагерлер командасы қатысты.


Шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қатысушыларға сәттілік тіледі.


«Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігі 2004 жылы құрылды. Жылдар жүзінде оны Тілек Ғабдушев, Ерлан Нұрмұхамбетов, Ізбасар Дәуітов, Біржан Қухаев, Ерлан Төленов, Нурдәулет Айсағалиев сынды белсенділер басқарса, қазір Асланбек Саламатовтың төрағалығымен қауымдастық ауданымыздың тірлігіне жан жақты араласуда. Бірлестік мүшелері облыстық, республикалық додаларда ақжайықтық өрендердің атағын шартарапқа әйгілеуде. Олардың ұйымдастыруымен көптеген ілкімді істер қолға алынды.


Аудан басшысы «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігін басқарған, 15 жыл белесінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтарды марапаттады.


Шара барысында жастар облысымызда мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асыруда сүбелі үлестері бар Мұхтар Дәулетжанов, Мирболат Нұржанов, Кенесары Нұршиновпен жүздесіп, емен-жарқын сұхбаттасты.


Екі күнге созылған сайыста командалар туристік тағам дайындау, жағажай волейболы, авторлық әндерді орындау, «Аспалы өткел», «Маятник», «Параллель өткел» сынақтары бойынша кедергілер мен туриадалық байқау түрлерінен сынға түсті. Жастар алау жанында түрлі әндер шырқап, би кештері ұйымдастырылды.


Сайыстар қорытындысымен «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігін бірнеше жыл қатарынан басқарған Ерлан Зейноллаұлы атындағы арнайы жүлде – «Үздік волейбол командасы» аталымен Мерген ауылдық округінің командасы, «Үздік бард әндерін орындаушысы» аталымын Мерей Амангелдиев (Қаратөбе ауданы), «Үздік турист» аталымымен Айтжан Жақсылықов (Сырым ауданы) марапатталды. Жалпыкомандалық есепте Қаратөбе ауданының командасы жеңімпаз атанды. ІІ орынды Мерген ауылдық округі, ІІІ орынды Қарауылтөбе ауылдық округінің командасы иеленді.


Сонымен бірге марқұмның туыстары шараны ұйымдастыруда қолдау білдірген аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық ұжымына алғыс хат, Атырау облысының Индер ауданының командасына естелік сыйлық табыстады.