23 Наурыз 2019
332

Бөрлі төріндегі берекелі Наурыз тойы

 

Ұлыстың ұлық мерекесі - Наурыз мейрамын Ақсай халқы да ақжарқын көңілмен қарсы алып, керемет етіп тойлады. Қаламыздың Ғ.Жәңгіров атындағы саябағында мерекелік концерт болып, елге ақжарма тілек, әсем ән жолданып, күмбірлеген күй шертілді.

 

 

Ақ батамен, жарапазан айтумен басталған салтанатты шараның ашылуында аудан басшысы Санжар Әлиев жиналған жұртшылыққа құттықтау лебізін жеткізді.

 

-Бұл ғажайып мереке жүректерге жылу сыйлайтыны рас. Біздің данагөй бабаларымыздан мирас болып қалып, тамыры тарих тереңінен тартылатын Наурыз мерекесі əрбір жанды шаттыққа бөлейтіні белгілі. Шаттығын сыйлаған ұлық мерекемен барша аудан тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, бақыт тілеймін. Елдігіміз бен бірлігіміз тарқамай, көктемнің күніндей бір-бірмізге жылы шуақ шашып, қаламыз ажарланып, еңбегіміз жемісті болып, биіктерден көріне берейік. Сіз бен біздің ортақ мақтанышымыз - Ақсай қаласы жайнай берсін! Наурыз құтты болсын! -деді өз сөзінде Санжар Жұматайұлы.

 

Аудан көлеміндегі ігі істердің басы-қасында жүріп, елеулі еңбек сіңірген Дәмелі Құсайынқызы, Әли Бектұрғанов, Аққұбағали Көкебаев, Мұхит Бірəнов, Эльмира Өтешова, Боранбай Заитов, Берік Мұқашевтар алғыс хатпен марапатталды.

 

Аудан басшысының ақжарма тілегінен кейін Алдаберген Аймағанбетовтің тұлпарға мініп, әсем әнді әуелете шығуы көптің көзіне байырғы сал-серілердің бейнесін әкелгендей болды. Ол ағайынның ризашылығы мен қиқуынан, риясыз шапалағынан сезіліп тұрды. Жиналған көпшілікке аудан өнерпаздары керемет мерекелік ән-шашу сыйлады.

 

Қаз-қатар тігілген киіз үйлерде мерекелік дастархан жайылып, келушілерге наурызкөже мен бауырсақ ұсынылды.

 

Ұлық мерекеде ұлттық спортымыз да ұмыт болмады. Елдің алдында білегін сыбанған азаматтар атойлап шығып, күш сынасты. Біреулері арқан тартып, гір тасын көтеріп, қой көтеріп мықтылықтарын көрсетсе, кей азаматтар боз кілемге шығып, қазақша күрестен сынға түсіп, ептіліктерін көрсетті. Жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар берілді.

 

Аудан басшысы киіз үйлерді аралап, мерекенің тойлануына атсалысқан ұжымдарға халықтың атынан алғысын жеткізді.