30 Қазан 2019
29

Ғали ЕСҚАЛИЕВ: «Әр отбасының табыс-кірісін арттыру – басым бағыт»

 

ҚР Президентінің Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалғанына 100 күн толуына орай өңір басшысы Ғали Есқалиев облыстық газеттердің бас редакторларының сұрақтарына жауап берді.

 

– Бұл 100 күн, негізінен, облыстың жағдайымен егжей-тегжейлі танысу, стратегиялық басым бағыт-бағдарды пысықтау және алда тұрған міндет-мақсаттарды жүзеге асыруға лайық мамандарды іріктеу, сонымен қатар облыс бюджетін қалыптастыруға негіз болар мәселелерді елеп-екшеуге арналды. Әрине, Қазақстанның әр өңірінің стратегиялық бағытын Елбасы Н. Ә. Назарбаев айқындап берді және алда тұрған ауқымды міндет-мақсаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың барлық тапсырмаларында нақты көрсетілген.

 

Соңғы жылдары жаңа инфрақұрылым қалыптастыру бойынша көп жұмыс атқарылды. 1 мың шақырымға жуық жол жаңадан салынып, жөнделді. Өңіріміздің ең шалғай аудандарының орталықтары Сайқын, Жәнібек және Қазталовты облыс орталығымен байланыстыратын жол құрылысы биыл басталды. Ағымдағы жылы Қазталов ауданының 9 елді мекеніне табиғи газ құбыры тартылып, бұл облыс тұрғындарының көгілдір отынмен қамтылуы 96,1 пайызды құрамақ. Сондай-ақ биылдың өзінде облыстың 40 ауылдық елді мекені орталықтандырылған таза су жүйесімен қамтылатын болады.

 

Бұл дегеніңіз – облыс халқының 85%-ы орталық су жүйесінің игілігін көреді деген сөз.

Біздің өңірдің негізгі күрделі мәселелері еліміздің Премьер-министрі А.Ұ. Мамин бастаған Үкімет делегациясы облысқа келген сапарында талқыланды. Бүгіндері тиісті министрліктермен бірлесіп, түйінді мәселелердің шешу жолдарын қарастырудамыз. Орталық құрылымдардың деңгейінде қорғаныс бағытындағы біздің екі кәсіпорынның кейбір мәселелері шешімін тапты.

Мемлекеттік бюджеттің шектеулі екендігін ескеріп, ортақ шаруаның біразын жеке инвестиция арқылы шешуге ұмтылудамыз. «Бәйтерек» ұлттық холдинг» АҚ даму институты құрылымдарының барлық дерлік бірінші басшылары біздің өңірде болып үлгерді.

«Kazakhnvest» ұлттық компаниясының қолдауымен инвесторларға қызмет көрсететін орталық құрдық, цифрлық технология форумын өткіздік. Инвесторларға арнап 30-ға жуық құрылымдық ұсыныс даярладық. Міне, осындай қам-қарекеттер кәсіпкерліктің күрт өрістеуіне 2020 жылдан бастап-ақ серпін беруі тиіс.

 

– Ғали Нәжімеденұлы, өнеркәсіп саласын, өндіріс ошақта-рын дамытуға қатысты ой-пікіріңізбен  бөліссеңіз?

 

– Өңір экономикасын дамыту әрдайым облыс әкімдігінің басты міндеті болды әрі солай болып қала бермек. Мұнай-газ саласы өңірлік өнеркәсіптік өндіріс құрылымының 90%-ға жуығын және жергілікті салықтардың 50%-ын құрайды. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі мұнай-газ компанияларының үлесі де жоғары, ол шамамен 70%-ға жетіп отыр. Мұндай көрсеткішке өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары әлемдік компанияларды біздің өңірге тартуға қажетті жағдай жасаған Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының арқасында жетіп отырмыз. Енді біздің қазіргі міндетіміз – мұнай-газ сервисі мен өндірістік құрал-жабдықтарды құрастыру өндірісін (локализация) барынша меңгеру. Соңғы жылдары біздің компанияларымыздың «ҚПО б.в.»-дан сатып алатын үлесін 47-ден 60%-ға дейін, оның ішінде тауарларды 12%-ға дейін арттырып, жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Біз бұл жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Қазан айының екінші жартысында мұнай-газ компаниялары және жергілікті кәсіпорындардың қатысуымен жергілікті қамтуды дамыту бойынша аймақтық кеңес өтеді. Онда біз алдағы 2 жылға арналған локализация жоспарын егжей-тегжейлі талқылаймыз.

Қараша айында Орал қаласынан 20 шақырым жердегі аумағы 281 гектарды құрайтын индустриалды аймақтың инфрақұрылым құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтаймыз. Ал келесі жылы оның құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде шетелдік компаниялардың кейбірі кәсіпорындарды басқаруға және салуға ықылас танытып отыр.

Бүгінгі таңда майлы қышқыл газдың газ химиясы экономикалық жағынан өте үлкен тиімділікке ие. Қазіргі уақытта оны өнім қабатына айдау жүргізілуде.

Техникалық мамандардың болуы жаңа кәсіпорындар құруда маңызды фактор болып табылады. Бұл мәселеде Оралдың өзіндік артықшылықтары бар. Өйткені біздің облыстың орталығында кезіндегі бай тарихы мен білікті мамандары бар қорғаныс бағытындағы ірі зауыттар жұмыс істеді. Бірақ бүгіндері әлгі өндіріс ошақтарында қазіргі заманғы дамудың технологиялық талаптарына жауап беретін жас мамандар көп емес. Соған орай әкімдік IV санаттағы (183 адам) және III санаттағы (шамамен 120 адам) шетелдік мамандарды тартуға квота беруді едәуір қысқарту туралы шешім қабылдады. Мәселен, шетелдік компаниялардың бірінде Үндістаннан келген 68 электр дәнекерлеушісі жұмыс істейді. Иә, олар агрессивті орта және жоғары қысым бар қиын жерлерде жұмыс жасайды. Мүмкін, бүгінде бізде технологиялық регламенттер (Welding Procedure Specification) бойынша ондай мамандар жоқ шығар, бірақ оларды дайындауға болатынына сенемін. Бұл табысы жоғары жұмыс жергілікті 68 отбасының ырыс-ырыздығын құрар еді.

Біз «ҚПО б.в.» компаниясына оқу бағдарламасын әзірлеуді және қазіргі заманғы бірлескен оқу орталығын құруды ұсындық. Егер осы жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда оның түлектері бүкіл әлем бойынша жұмыс істей алар еді және болашақта олар Батыс Қазақстан облысында жаңа өндіріс ошақтарын жасақтауға қатысатын орта және жоғары инженерлік менеджментті қалыптастырарына сенім мол. Консорциум – біздің ұзақ мерзімді серіктесіміз және жергілікті білікті кадрлар отрядын қалыптастыру да аталмыш ұйымның  мүддесіне  сай  жұмыс.

Кейбір колледждерімізде кадрлар дайындау сапасына қатысты мәселелер бар. Колледждерді нақты және тиімді өндіріспен айналысатын жекеменшік кәсіпорындарға сатып алу құқығынсыз конкурс арқылы сенімгерлік басқаруға берілуі керек деп санаймын. Сөйтіп, өз кәсіпорнына немесе басқа компанияларға жұмысқа орналасуға кәсіби білім-білігі жететін мамандарды даярласын. Меніңше, мұндай мәселелерде мемлекеттікке қарағанда жеке менеджер әрдайым тиімдірек болады.

 

– Облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты ой-пікіріңізді айтып өтсеңіз?

 

– Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығына жалпы өнімнің 3 пайызы ғана тиесілі. Сөйте тұра, облыс үшін экономиканың бұл саласы ерекше мән-маңызға ие. Біздің өңірде ауыл шаруашылығын дамытудың әлеуеті зор. 1980 жылдары егіс алқабының жалпы көлемі 1,5 млн. гектарды құраса, ал бүгіндері бұл бағыттағы көр-сеткішіміз бар болғаны 540 мың гектар ғана. Соңғы жылдары біз мемлекеттің меншігіне 1 млн. гектардан астам жерді қайтарып, енді сол жерлерді егін салып, бақша егіп, бір сөзбен айтқанда, жермен жұмыс істеуге ықыласты азаматтарға конкурстық негізде берудеміз.

Биылғы жылдың соңына дейін біз спутниктік мониторинг жүргізіп, қалалық және ауылдық аумақтарда игерілмей жатқан жерлерді анықтамақпыз. Біздің өңірде ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытудың болашағы зор. Облыс бойынша күні бүгін 640 мың бас ірі қара, 1 млн. 300 мың бас қой-ешкі, 200 мың жылқы бар. Ал дүние жүзі бойынша экологиялық тұрғыдан таза етке сұраныс жыл сайын арта түсуде. Тек Ресей мен Қытайдың өзі жыл сайын 1,7 млн. тонна сиыр етін шеттен алады. Ендеше, ет бағытындағы мал шаруашылығына басымдық берген жөн. Бұған негіз бар. Біздің облыс күні бүгін ет бағытындағы ірі қара малдың саны жөнінен республика бойынша екінші орында. Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес, біз ірі қара малдың санын 1 миллион басқа дейін жеткізуге тиіспіз. Мұндай межелі міндетті мал импортын демеу-қаржылау (субсидиялау), өзіміздің асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, жеңілдетілген қаржыландыру сықылды мемлекеттік жүйелі қолдау арқылы ғана орындауға болады. Біздің ойымызша, зәкірлік кооперацияны қалыптастырған ұтымды. Яғни зәкірлік кооперация дегеніміз – құрамына асыл тұқымды мал шаруашылықтары, шаруа қожалықтары мен ауылдық кооперативтер, бордақылау алаңдары және ет өңдеу комбинаттары кіретін вертикальдық жүйе. Әйтпесе, ұсақ шаруашылықтарды әкімшілік тетіктер арқылы бірігуге мәжбүрлеп, оларға қалай жұмыс істеп, нені өндіру керектігіне нұсқау беру тиімді емес. Бәрі нарықтық жолмен тиімді мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асқаны жөн. Жергілікті кәсіпкерлер немесе шетелдік инвесторлар арқылы зәкірлік жобалар кең қанат жайған сайын мал саны артып, ішкі нарыққа қоса, экспортқа ет шығару көрсеткішіміз де еселене түспек. Сонымен қатар қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын, еділбай қойын, көшім жылқысын қайтадан өркендету керек.

Мал шаруашылығын дамыту жергілікті жем-шөп қорының мығымдығын талап етеді. Ал бұл фактор Жайық өзенімен тығыз байланысты. Биыл жергілікті өзенкөлдердегі су тапшылығы қатты сезілді. Соңғы ондаған жылдардағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда, Жайықтың деңгейі 2,5 есе түсіп кетті. Премьер-министрдің тапсырмасымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары және менің орынбасарым Башқұртстан Республикасында болып қайтты. Өзім Орынбор облысының жаңа губернаторымен сөйлестім. Ол жақта да Сақмар (Жайықтың саласы) мен Жайық өзендеріне қатысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Жайыққа қатысты жағдайды елеп-екшей келіп, қос мемлекеттің басшысына Жайықты құтқаруға қатысты мемлекетаралық бағдарлама жасақтау жөнінде ұсыныс түсіру жөн деп ұйғардық. Басқа амал жоқ. Бұл, әрине, маңызды әрі біраз уақытты қажет ететін міндет. Ал біз әзірше сумен қамтуды жақсартудың қолда бар мүмкіндіктерін жүзеге асырудамыз. Мәселен, биыл Шаған өзенінің арнасын тазаладық, Жәнібек ауданындағы су арналарын жаңалап-жаңғырттық. Жаңақала ауданындағы аумағы 16,5 мың гектар Төртқұлақ-Қарасу су жайылымдық жүйесіне және Бөрлі ауданындағы 4 бөгенге күрделі жөндеу жүргіздік. Жайықтың сол жағалауын суландыру жобасы жасалуда. Тасқала ауданының аумағындағы Жайықбай каналын, Қаратөбе ауданындағы Жақсыбай су жайылымдық жүйесін, Қазталов ауданындағы екі су жайылымдық жүйесін жетілдірмек ойымыз бар. Бұған қоса Шалқар көлін қорғау және оның әлеуетін дамыту бойынша техникалық-экономикалық негіздеме жасақталуда. Бірақ мұның бәрі – кішігірім жобалар. Өңірдің бүкіл әлеуетін іске қосу үшін күретамыр каналдар мен насостық стансалар салуға, ондаған каналдарды тазартып, шлюздерді қалпына келтіру үшін қыруар инвестиция керек.

Сөйте тұра, кез келген инвестицияның да қайтарымы болуы керек екендігі белгілі. Мысалы, ең болмаса, Қазталов ауданындағыдай демеуқаржыланатын (субсидияланатын) тариф түрінде. Тарқатыңқырап айтар болсақ, бұл ауданда 4000 гектар су жайылымдық жүйе қалпына келтірілді. Осы қарайған шаруаға қажетті қыруар қаржының негізгі бөлігін 20 000 бас ірі қараға арнап мал бордақылау алаңын салуды қолға алған жеке инвестор көтерді.

Сол себепті біз Экология, геология және табиғи ресустар министрлігімен Батыс Қазақстан облысының ауылдық аумақтарына су жинау және сумен қамтуды дамытуға қатысты кешенді жоспар жасайтын болып келістік.

Біздің облыс егіншілік үшін нартәуекелді талап ететін табиғат зонасында орналасқан. Сол себепті де біздің шаруашылықтардың егіс танаптарындағы егіннің шығымы жауын-шашын мөлшеріне тікелей тәуелді. Рас, ішінара озық технологияға сүйеніп, сапалы тұқым сеуіп, жүйелі түрде әр гектардан 20 центнер өнім алатын шаруашылық құрылымдары да баршылық.

Жайылымдық-шабындық жердің кеңдігі, сонымен қатар суармалы алқаптардың да барлығы бізге өзіндік құны төмен сиыр, қой және жылқы етін өндіруге мүмкіндік береді. Міне, әлгіндей мүмкіндіктер бізге тіпті Орал мен Ақсай қалаларының айналасында сүт белдеуін қалыптастыруға да мүмкіндік береді. Сондықтан біз тәжірибелі мамандар мен ғалымдардан жұмыс тобын құрдық. Бұл топтың міндеті – жеке иелігіндегі малы арқылы ауыл тұрғындарының табыс-кірісін арттыруға негіз болатын бағдарлама жасақтау. Осылайша біз мал шаруашылығын ауыл шаруашылығының серпінді саласына айналдырмақ ниеттеміз. Өзінің жеке шаруашылығын дамытуға мүдделі тұрғындарға мамандардың тегін ақыл-кеңесі, кәсіпкерлік қарым-қабілетін жетілдіру үшін оқыту, жеңілдікті несие, жайылымдық жерлер беру, селекциялық жұмыстар жүргізуге жәрдемдесу, агроөнімдерді өңдеу мен өткізуді ұйымдастыру және тағы да басқа мәселелер бойынша жүйелі түрде қолдау көрсететін боламыз. Бірақ бұрынғыдай жұрттың бәріне бірдей жаппай несие берілмейтіндігін кім-кімнің де ескергені жөн. Әр ауылдық округті қамтыған аудандық бағдарламалар облыстық бағдарламаға негіз болады. Ал бағдарламаның сауатты жасақталып, сәтті жүзеге асуына барлық деңгейдегі әкімдер тікелей жауап беретін болады. Өйткені бұл – аудандар мен ауылдық округтердің даму стратегиясы. Аталмыш бағдарлама екі мәселені бірден шешеді. Яғни кедейшілікпен күрес, табыс-кірісі аз отбасылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға тым тәуір табыс табуға және ауылдық жерлерде агроөндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

 

– Мұндай бағдарламалардың әлеуметтік сипатын тарқа-тыңқырап  айтсаңыз?

 

– Мен үшін маңызды міндет – адамдардың барынша көп және тұрақты табыс табуына жағдай жасау. Бұған, әсіресе, өзімізге қажет өнімді өзіміз өндіру арқылы немесе сауда-саттық арқылы қол жеткізуге болады. Елімізде несие беру, лизинг, жобалардың капиталына қатысу сияқты жақсы құрал-тетіктер бар. Шағын және орта бизнес үшін «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, «БҚО шағын және орта бизнесіне арналған 100 жобаны» дайындап жатырмыз. Орта және ірі бизнес үшін «Орал» ӘКК әр түрлі салаларға, тауарлар өндірісіне, туризм, сауда және т.б. инвестициялар бойынша 30-ға жуық ұсыныс әзірледі. Жалпы болжамды инвестиция көлемі 160 млрд. теңгеден асады. Көптеген жақсы жобаларды талқылап, қарастырып көруге болады. Олардың әрқайсысы үшін инвестор тауып, кәсіпкерлерге бәрін түсіндіріп, кездесіп, құжаттармен көмектесуге, мемлекеттік құрылымдармен жұмысты үйлестіруге және т.б. қолдау шараларын жасауға әзірміз.

Сапалы инвестициялық ұсыныстар және инвесторлардың толық қолдауы – өңірдің инвестициялық дамуының маңызды құрамдас бөлігі. Айтпақшы, мен әлі де осы жұмыста көмектесуге дайын адамдарды іздеймін. Өз басым тек нақты жеке инвестициялар ғана облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамып, нығая түсуінің негізі бола алады деп санаймын.

 

– Ғали Нәжімеденұлы, құрылыс та облыс экономикасының басты саласы, басым бағыттарының бірі. Бізде сапалы құрылыс жобалары бар ма?

 

– Мемлекет халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымға қаржы бөледі. Сонан кейінгі міндет – әр нысанның сапалы, адамдарға ыңғайлы және қауіпсіз болуы, әрі сол елді-мекеннің ажарын аша түсіп, көркіне көрік қосуы. Сөйте тұра, бөлінген бюджет қаржысынан ауытқымауды да ескеруіміз шарт. Қаржыландыру көзін, жобаға қатысуға мүдделі барлық тараптардың құқықтары мен міндеттерін дұрыс анықтау, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, нысанды пайдалануға берер алдында жобалық және сапалы қызмет көрсетуге техникалық тапсырманы сауатты дайындау сияқты, қысқасы, идеядан бастап, нысанды пайдалану кезінде шығындарды есептеуге дейінгі жұмыстардың сапалы болуына баса мән береміз.

Өңірдің дамуын сапалы жоспарлау үшін біз нысандарды салудың 5 жылдық жоспарын жасадық, соның ішінде мемлекеттік қолдауды қажет ететін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік нысандары мен жеке жобалар да бар. Құрылыстың орны мен кезеңі, қаржыландырудың ықтимал көзі көрсетілген. Меніңше, мұндай даму жоспары барлық тарап үшін де, яғни тұрғындарға да, бизнеске де өз жоспарларын 3-5 жылға алдын ала дайындауға түрткі болады. Мәселен, «Ақжайық» жаңа шағынауданының құрылысын алайық. Алдағы үш жылдан кейін ол жерде не болатынын көп ешкім біле бермейді. Болашақта ол жерде 800-ге жуық пәтер, балабақшалар мен мектептер, кеңсе ғимараттары және т.б. көптеген нысандар бой көтермек. Инфрақұрылым толық тартылмаған қала маңынан шағын жер үйлер салғанша, жайлы әрі сапалы өмір сүруі үшін барлық қажетті жағдай жасалған жаңа шағынауданнан мемлекеттік жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары арқылы пәтер сатып алғысы келетін жерлестеріміздің қатары артады деп ойлаймын.

Құрылыс нысандарын салуда мемлекеттік-жекеменшік құралдарын белсенді пайдаланатын боламыз. Жұмысты сапалы ұйымдастыра білген жағдайда, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мемлекеттік бюджетке салмақты азайтып, құрылыс нысанын мемлекеттік сатып алу кезіндегіден де артық жобалап және салып беретін сенімді әріптесті анықтауға оң ықпал етеді.

Жобаларды басқару – өте маңызды шаруа. Әзірше біз «Битрикс 24» платформасын қолдануды бастап кеттік, бұл құрылыс нысанын салу барысында өте жедел шешім қабылдауға және әрекет етуге зор көмегі тиетін құрал. Жобаларды толыққанды басқару – уақыт еншісіндегі мәселе.

 

– Өңірде цифрлық технологияға қатысты қандай жобалар жүзеге асуда?

 

– Біздің өңір – өзінің бай тарихымен, көрікті табиғаты мен шұ-райлы жерімен ғана танымал өлке. Енді біз тұрғындары күн сайын озық сандық технологияларды қолданатын «ақылды» аймаққа айналуға  тиістіміз.

Ел-жұртқа ыңғайлы болуы және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін цифрлық технологияларды енгізуді жалғастырамыз. Осы мақсатта облыстағы экономиканың барлық саласында 100-ден астам жоба жүзеге асуда. Жыл соңына дейін жер ресурстарын тиімді басқару, жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін бақылау, тіркелмеген ғимараттарды анықтау және тағы басқа қызмет үшін спутниктік мониторингтің географиялық-ақпараттық жүйесі іске қосылады. Сондай-ақ күмәнді, дүдәмал бизнесті әшкерелейтін геосалық порталы болады.

Мысалы, елорда үлгісіне сай «109» апаттық-коммуналдық қызметіне арналған қалалық call-орталық іске қосылды. Күні бүгінге орталық арқылы 15 мыңға жуық қоңырау түсті, 7 мыңнан астам тұрғынның өтініші орындалды. Арыз-шағым бойынша көтерілген мәселелерді жүйелі шешіп отыруға осы қызметтің талдау-сараптау бөлігін күшейтуді жоспарлаудамыз.

Халықтың сенімін арттыру және барлық жедел қызметке бірыңғай байланысты қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай «112» кезекші-диспетчерлік қызметі құрылуда. Бірыңғай байланысқа «101», «102», «103» және «112» қызметтері кіріктірілген. Бұл жоба қауырт жағдай туындағанда шұғыл әрекет ететін барлық қызмет-тің өзара бірлесе қимылдауына мүмкіндік береді. Мәселен, жол-көлік оқиғасы кезінде көлік өртеніп, жолаушылар мен жүргізуші жарақат алады. Бұл жағдайда «112» нөміріне қоңырау шалу жеткілікті. Сол кезде жол полициясы, құтқарушылар мен өрт сөндіру жасағы, әрі жедел жәрдем бригадасы бірге келеді. Сандық технологиялар нарығында көптеген ұсыныстар бар. Біз үшін қазіргі заманға сай болу өте маңызды.

 

– Қазақстанның ең еуропалық қаласының тұрғындары өмір сүру сапасын жоғарылатуға ықпал ететін ондаған мемлекеттік бағдарламаның нәтижелерін сезінуі үшін не істеуі керек?

 

– Күрделі сұрақ. Мемлекеттік бағдарламалар ауқымында ғана қаланы немесе ауылды өзгерту мүмкін емес. Өз ауласын, көшесін «еуропалық» үлгіде ұстайтын, іс жүзінде қаланы немесе ауылды өзгертуге көмектесетін, қамқор адамдар көп болуы керек шығар. Мысалы, қаланы тез және шығынсыз абаттандыру жобасын ұсынғаны жөн. Біздің Орал – жасыл желекке көмкерілген қала, бірақ көбіне әдемі ағаш деп айтуға келмейтін қара ағашты өсіреміз.

Жыл сайын шамамен 20 000 шаршы метр аумаққа бір жылдық гүлдерді отырғызуға әрі күтіп ұстауға шамамен 130 миллион теңге бөлінеді. Мұндай гүлдер 4-5 ай ғана қала көркі болады. Қалған уақытта гүлдердің орнында қара топырақ қана жатады.

Тек қара ағаштар мен бос гүлзарлар болған кезде «еуропалық» адамзат мәдениетін қалыптастыру туралы айту қиын.

Біз гүлзарлардың, декоративті ағаштар мен көпжылдық гүлдердің эскиздерін жасағанда өмір сүру ұзақтығына кепілдік береміз. Бұл үшін сатып алудың техникалық сипаттамасын жасақтадық. Оның мерзімі – 3 жыл. Мердігер барлық өсімдік тамыр жайып, 3 жыл өскен жағдайда ғана қаражатты алады. Мұндай мысалды молынан айтуға болады. Жүргінші жолы аймағы, көлік тұрақтары, жарықтандыру және тағы басқа абаттандыру мәселелеріне байланысты. Қала тұрғындарының мүдделерін ескеретін қала сәулетін жобалауға көп қаражат қажет емес. Егер әркім өз ісіне жауапкершілікпен қараса, қала мен ауыл әлдеқайда көркейе түсері кәміл.

 

– Биылдың өзінде облыс орталығының тұрғындары бірнеше рет сусыз және электр жарығынсыз қалды. Табиғи монополия субъектілерінің қызмет сапасын арттыруға қатысты қандай жоба-жоспарлары бар?

 

– Иә, стратегиялық маңызы зор кәсіпорындар, монополия субъектілеріне қатысты күрделі мәселелер баршылық. Кәріз жүйелерінің аяқасты сыр беруі, «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ-ның қатты желдің зардап-салдарын жедел жоюға дайын еместігі, ЖЭО-ның газға берешегіне қатысты қалыптасып отырған жағдай коммуналдық қызметтер саласының негізгі қорын техникалық-технологиялық тұрғыдан едәуір жаңғырту қажеттігін көрсетеді. Тәуелсіздік жылдары «Жайықжылуқуат» АҚ 25 МВТ-тық газтурбиналы жабдықты ғана орнатты.

Шын мәніне келгенде, электр және жылу магистральдары бойынша шығынға ұшыраудамыз. Жылу-электр орталығының пайдалы әрекет коэффициенті төмен деңгейде. «Батыс су арнасының» жабдықтары түгелдей ескірген.

Ел үкіметінің көмегіне сүйенбей-ақ, ЖЭО-ның шығын мөлшеріне талдау жасадық және 2 жылда өз шығынын өзі ақтай алуына қатысты жоспар жасақтадық. «Батыс су арнасы» қызметіне қатысты да талдау жасалды. Суды үнемдеу бойынша жұмысты күшейту қажет. Оған тұтыну тарифін мөлшерден (нормадан) жоғары саралау арқылы да қол жеткізуге болады. Тұщы судың балама көздерін іздеу өте өзекті. Өйткені Жайық өзенінің экологиялық ахуалын болжау мүмкін емес. Биыл өзен деңгейінің төмендеуіне байланысты қаланың жартысы сусыз қалды. Кәсіпорын бұрын жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілді. Оған наразы емеспіз. Тиімді менеджменттің арқасында жұмысшылардың жалақысы жоғарылап, жыл сайынғы шығындар азайды. Бірақ тарифтер арқылы құнын өтеу тиімсіз саналатын қомақты инвестициялар тарту қажет болғандықтан, кәсіпорынды қала әкімдігіне қайтаруға келісімге келдік. Енді кәсіпорынды жаңғырту жоспарын дайындауға кірістік. «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ-ны жеке компания басқарады. Сондықтан кәсіпорынды модернизациялау жоспары ҚР Энергетика министрлігі деңгейінде қарастырылуы керек.

 

– Мемлекеттік сатып алуларға қатысты қордаланған мәселелер баршылық екендігінен хабардармыз. Соған қатысты қандай шаралар қолға алынады?

 

– Жақында үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, 2018 жылы мемлекеттік сатып алу көлемі 4,4 трлн. теңге болды. Оның ішінде 3,3 трлн. теңге конкурссыз бір көзден сатып алу арқылы жүргізілген.

Біздің өңірдегі ахуал біршама жақсырақ. Сатып алулардың жалпы мөлшері – 160 млрд. теңге, оның 66%-ы ашық конкурс арқылы өткізілді. Яғни сатып алулардың тек 34%-ы бәсекелессіз жасалған. Біз бюджет қаражатының жанама шығындары, оның ішінде адам ресурстарын пайдалану бөлігіне қатысты жағдайларға да назар аудардық.

Сатып алулардың 34%-ы қызметкерлер үшін айтарлықтай уа-қытты алады. Ашық конкурссыз өтетін мемлекеттік сатып алу нәтижесінде жыл сайын шамамен 138 мың келісімшарт жасалады. Тағы 22 мың келісімшарт баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен конкурстар барысында жасалады. Талдау қорытындысына сүйенсек, ең үлкен қаражат 21,7 млрд. теңге немесе жалпы соманың 46%-ы білім, құрылыс, дене шынықтыру және спорт басқармаларымен «тікелей келісімшарттар» арқылы игерілген.

Мен биылғы тамыз конференциясында мектеп директорларын мемлекеттік сатып алулармен шұғылданудан босату керектігін айттым. Мектептердің мемлекеттік сатып алу жоспарларын талдау арқылы олардың 132 қызмет түрін сатып алатыны мәлім болды. Оның үстіне, кейде әр түрлі атаулармен («мектеп аумағын тазарту» секілді) бірдей қызмет түрлері сатып алынған.

Қаржы министрлігінен сатып алуларды орталықтандыру жүргізілетін пилоттық аймақтардың қатарына қосуды сұрадық. Білім беру нысандарын сатып алуды орталықтандырудан бастаймыз. Қаланың білім беру мекемелерінің, соның ішінде 53 мектеп пен 52 балабақшаның бюджеттеріне толық талдау жасалынды. Осы мекемелер жыл сайын 53 миллиард теңгеге 130 мыңнан астам шағын келісімшарттар жасайды. Бұл рәсімдерге қанша уақыт кететінін елестетудің өзі қиын! Сатып алуларды орталықтандыру арқылы 10% үнемдеуге қол жеткізгіміз келеді және бұл 5,3 млрд. теңгені құрайды. Содан кейін біз басқа салаларда сатып алуларды орталықтандыруға көшеміз.

 

– Қаладан шығатын тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және қайтадан кәдеге асыру мәселесі қашан шешіледі?

 

– Қалалық тұрмыстық полигон өте ескі әрі Оралдың қазіргі ауқымына лайықталмаған. Қалдықтардың шіруі нәтижесінде төменгі қабаттарда түзілген газ, әсіресе, күн ыстықта өздігінен тұтанады.

Полигоннан металл сынықтарын жинау үшін әдейі өртеп жіберетін адамдар да бар.  2017 жылы ТҚҚ полигоны «АйСИЭм Ресай-клинг» ЖШС-ның сенімгерлік басқаруына берілді. Содан бері фин компаниясы үйілген қоқысты сұрыптау кешенінің арқасында по-лигонға пластик тастау тоқтады. Яғни қазір жанып жатқан нәрсе – негізінен ескі қалдықтар. Бұл мәселені шешу үшін ескі қоқыс полигонын толығымен қалпына келтіру керек (топырақпен толтыру, газ шығатын жер жасау және т.б.). Қазір біз ескі полигонды қалпына келтіру бойынша жоба дайындаудамыз, келесі жылдың соңына дейін бұл мәселені шешуді жоспарлап отырмыз. Қатты тұрмыстық қалдықтардың жаңа полигонына келер болсақ, оны салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасалды. Сонымен қатар полигон құрылысы кезінде облыстық бюджетке түсетін ауыртпалықты азайту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жо-басын дайындаймыз.

Ақсай қаласына қатты қалдықтарды тасымалдау мәселесі қазіргі уақытта жергілікті компаниялардың көмегімен, нақтырақ айтқанда, қолдың күшімен шешіліп жатыр.  Оның жүйелі шешімін табу үшін 2020 жылы МЖӘ жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Өйткені қазіргі қолданыстағы экологиялық заңнама тұрмыстық қатты қалдықтарды барынша кәдеге жаратуды талап етуде.

 

– Ел-жұрт жазатайым оқиғалар салдарынан адам өлімі кө-бейгеніне алаңдаулы. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?

 

– Мен үшін өте ауыр сұрақ. Бейбіт уақытта облыс жолдарында жыл сайын 70-80 адам қайтыс болып, көптеген жан жарақат алады. Ел аман, жұрт тынышта адамдардың мезгілсіз қазаға ұшырауы, әрине, жаныңды түршіктіреді.

Ауыр зардаптары бар жазатайым оқиғалардың көпшілігі аутокөліктердің жоғары жылдамдықпен жүйткуі, көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі және жүргізушілердің тәжірибесіздігінің кесірінен орын алуда. Жол-көлік оқиғалары, негізінен, облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда жиілеп тұр. Қазіргі уақытта орташа жылдамдықты өлшеу нәтижелері бойынша, мәселен, Оралдан Чапаевқа дейін көлікті «жүгенсіз айдайтындарды» жазалауға болатын заң талабы шығуын күтудеміз. Жыл соңына дейін бірқатар республикалық аутожолдар мен Орал қаласының аумағына бейнебақылау қондырғыларын орнатуға конкурс жариялауды жоспарлап отырмыз. Тәжірибе көрсет кендей, жолдарда қатаң бақылау болса, аутокөліктерге қатысты көлденең кесапат күрт азаяды. Ал енді аутожүргізушілердің мінез-құлық мәдениеті жөнінде жоғарыда бірауыз айтып өттім.

 

– 2020 жылы қандай жаңалықтар күтіп тұр?

 

– Мен мемлекет атқарып жатқан біраз қызмет түрін бизнес ортаға беруді қолдаймын. Балабақшалар мен колледждер, «Ел ырысы» базары, мәдениет ошақтары мен спорттық нысандарды, тіпті тағы басқаларын бақылау тетіктерін сақтай отырып, оларды нарыққа әбден шығаруға болады. Мәселен, мемлекеттік мекемелер тарапынан атқарылатын қыс кезінде жолдарды тазарту, елді мекендердің көшелерін жарықтандыру, қоқыс жинау сықылды тағы да басқа біраз шаруа қазірдің өзінде жеке нарыққа берілді. Бірақ бар мәселе осы қызметтердің қысқа мерзімді келісімшарттар арқылы жүзеге асуында болып тұр. Жеке компаниялар қажетті техниканы сатып алып, қызметкерлер құрамын дайындауы, айналым капиталын жинақтауы үшін 3-10 жылға арналған келісімшарттар қажет. Әйтпесе олар тиісті деңгейде жұмыс істемейді.

Ұзақ мерзімді негізде мемлекет пен бизнестің құқықтары мен міндеттерін нақты айқындап, бәсекелестік ортада іріктеу қажет.

Бізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы жақсы заңдар бар, жүйелік шешімдер мен стратегиялық менеджментті қалыптастыруға уақыт бөлу қажет. Ал бизнестің инновациялар енгізіп, дамуына мүмкіндігі мол.

 

– Ғали Нәжімеденұлы, халықпен диалогтың жаңа үлгісіне көшу қалай жүруде?

 

– Мемлекет басшысының елжұртпен жүйелі байланыста болудың жаңа жолдарын қалыптастыруға байланысты тапсырмасын орындау мақсатында Орал қаласы әкімдігі «Ашық әкімдік» жобасын жүзеге асыруда. Қоғамдық қабылдауда мыңдаған тұрғын болды. Жобаның басты мақсаты – адамдардың өтінішін қабылдауға, олардың құжаттарын өңдеуге мүмкіндік беретін ашық алаң жасау.

Бұл жоба Ақжайық, Бөрлі аудандарында да жүзеге асуда.

Басты мемлекеттік құрылымдардың жетекшілері бір бөлмеде және адамдар бір уақытта кеңес алып, сұрақтарына жауап ала алатын жұмыс сипаты (форматы) өте маңызды.

Орал қаласында және әр ауданда облыс әкімінің өкілдері бар. Олар аудан әкімдеріне қазіргі кездегі және стратегиялық мәселелерді шешуге көмектеседі. Өкілдердің бәрі – тәжірибелі адамдар. Олар өздері бекітілген аудандарды жақсы біледі. Қалада тұрғанымен, аудан-ауылдарына жиі қатынайды. Сонымен қатар облыс орталығында жергілікті тұрғындардың арасынан әлеуметтік нысандар құрылысының барысын қадағалайтын қоғамдық бақылаушылар бар.

Ақыры ел-жұртпен жүйелі байланыс жөнінде әңгіме қозғалған екен, өз басым әлеуметтік желілердің әлеуетін халыққа да, билікке де тиімді түрде пайдалану жағындамын. Өздеріңізге мәлім, мен WhatsApp желісіне қатысты нөмірімді көпшіліктің назарына ұсындым. Ондағы ойым, өңірімізді экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан ілгерілетуге қатысты көпшіліктің ұсыныстарын, облыстың қоғамдық-саяси ахуалы, елді мекендерді көркейту, қоғамдық тәртіпті нығайту, үлкенді-кішілі елді мекендерге қатысты көкейкесті мәселелер жөнінде ел-жұрттың пікірін уақтылы біліп отыру еді. Рас, WhatsApp нөміріме хат-хабар көп түседі. Бірақ солардың 1-2 пайызы ғана көпке, облыс тұрғындарына ортақ шаруаны алға тартады. Ал дені, яғни басым бөлігі баласын жұмысқа орналастыру, балабақша кезегі, пәтер немесе жер телімін алу сықылды тікелей әркімнің өзінің жеке басына қатысты жайттарды сөз етеді. Жеке басқа қатысты мәселелер бойынша біз қала әкімі және сала басшыларының қатысуымен «Ашық әкімдік» өткізіп жүргеніміз ендігі үлкен-кішіге тегіс аян болса керек. Облыс басшысы, ең алдымен, бірінші кезекте бүкіл өңірге, облыс халқына ортақ стратегиялық шаруалардың орайын келтірумен айналысуы шарт. Осы бағыттағы қандай жұмыстарды жүйелеп жатқандығымыз бүгінгі сұхбаттың өзінде біраз сөз болды...

 

– Мемлекеттік қызметшілерге де заман талабына сай саналы түрде өзгеріп отыруға тура келеді емес пе?

 

– Мен мемлекеттік қызметшілердің көзқарасын өзгерту бойынша басталған жұмысты маңызды деп санаймын. Маңызы төмен кездесулер мен іс-шаралар, «ақылды» технологияларды жоғары деңгейде қолдану, нәтижеге назар аудару және мәселені жүйелі түрде шешу. Әрине, бәрі бірден бола бермейді. Кейбір қызметкерлер жаңа бағытта жұмыстануды қаламайды немесе жұмыс істей алмайды. Көбіне ағымдағы жұмыс пен әр түрлі іс-шараға, жиналыстарға көп уақытын жоғалтады.

Мемлекеттік қызметшіні абыройға бөлейтін адалдық, патриотизм, кәсіби білім-білік және ұрпақтар сабақтастығы. Менің түсінігімде, ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз, біздің алдымыздағы аға толқынның бай тәжірибесі мен ел-жұртқа жаққан қадір-қасиетін санамызға сіңіріп, жұмыста да, тұрмыста да кеңінен қолдану. Міне, осындай қағидаларға сүйеніп жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшінің әріптестерінің арасында да, ел-жұрттың алдында да сыйлы, беделді болатындығына кәміл сенімдімін. Жалпы, жоғарыда сөз болған адалдық, патриотизм сынды қасиеттер тек мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, жалпы үлкен-кішіге тән болуы тиіс.  Егер әркім өз жұмыс орнында кәсіби міндетін ақ адал атқарса, айналып келгенде елдің шаруасы алға жылжып, халықтың тұрмысы түзелері анық.

 

– Адамдардың топтасып ашық пікір білдіруі, бейбіт шеру өткізуі үшін қандай орындар белгіленді?

 

– Өңір бойынша жергілікті мәслихаттардың шешімдерімен бейбіт жиналыс-шеру өткізілетін 22 орын белгіленді. Орал қаласында 5 орын, оның ішінде М. Мәметова алаңы, Мұнайшы тынымбағы (Атоян стадионына қарама-қарсы), Гагарин көшесі, 105/3 мекенжайы бойынша тынымбақ алаңдары мақұлданды. Азаматтар пікірлері мен талаптарын заңды түрде білдіруі үшін жағдай жасауға дайынбыз. Сонымен қатар кез келген заңбұзушы-лықтар мен тәртіпті бұзуға шақыратын әрекеттерге жол берілмейді.

 

– Әрине, бір кездесуде барлық сұрақты қою мүмкін емес. Ел-жұрт ат үстіндегі азаматтармен жүздескенде жол құрылы-сының сапасы, су және жылумен қамтуды жақсарту, пәтер мен жер телімдерін беру, балабақшалар мен мектептер, мәдениет ошақтары мен спорт нысандарын, емханалар мен ауруханалар салу сықылды әлеуметтік  жағдайларды жиі алға тартатыны мәлім. Бүгінде шешімін табуды күтіп отырған тағы қандай мәселелер бар?

 

– Жастарға арналған әлеуметтік лифттер, ғылым мен мәдениетті қолдау, көптеген мекеме-кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі, жасырын жұмыссыздық, күнделікті қажетті тауарлардың бағасы, аудандарда мұғалімдердің, дәрігерлердің, ветеринарлардың жетіспеушілігі, мал ұрлығы және басқа да қордаланған мәселелердің бар екенін білеміз және солардың шешімінің мейлінше тез табылуына жұмыстанамыз.

 

– Алдағы жылы облыста өтетін мәдени шараларға тоқталсаңыз.

 

– Өңірімізде біраз мәдени шараны өткізу жоспарланған. 2020 жылға белгіленген мерейтойларды атап өтуге дайындаламыз. Яғни қазақтың ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, ақын Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдығы, ұлы ойшыл, аса көрнекті ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және күйші-композитор Дәулеткерей Шығайұлының 200 жылдығына байланысты ауқымды шаралар ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар келесі жылы біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын, Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25-жылықтарын да атап өтеміз. Осы шаралардың барлығы да тарихи-танымдық және тәрбиелік-тағылымдық тұрғыдан мазмұндылығымен тартымды болуы шарт. Биыл облыс орталығында Қала күні мерекесіне орай жасақталған этноауылдың аясын келесі жылы кеңейтіп, Ақ Жайық атырабын мекендеген көп ұлтты отандастарымыздың ырыс-ынтымағын, береке-бірлігін паш етпек пейілдеміз.

 

– Ғали Нәжімеденұлы, облысымыздың тыныс-тіршілігін жанжақты талдап-таразылаған толыққанды сұхбатыңыз үшін газет оқырмандарының атынан ризашылығымды білдіремін. Туған өлкеміздің гүлдендіру жолындағы, өркендету бағытындағы жауапкершілігі зор міндет-миссияңызға жемісті еңбек, абыройлы қызмет тілеймін.

 

Сұхбаттасқан Бауыржан  ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал  өңірі»

Конец формы